← Барлық жаңалықтар
ОлимпиадаАлматы қ., 28 қазан 2026

Академик Асқар Жұмаділдаевтың олимпиадасында екі мұғалім автокөлік жеңіп алды

Алматыда физика және математика пәнінің екі мұғаліміне су жаңа автокөліктің кілті табысталды. Жас мұғалімдер пәндік олимпиадада жоғары нәтиже көрсетті.

115жас мұғалім қатысты
75+Алматы мектебі
45жүлделі орын
2Гран-при — екі автокөлік

27 қазанда ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында көрнекті математик, академик Асқар Жұмаділдаевтың 70 жылдық мерейтойына орай физика және математика пәндерінің жас мұғалімдері арасында өткен қалалық олимпиада жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Олимпиада жас педагогтердің кәсіби шеберлігін дәріптеуге, олардың зияткерлік әлеуетін қолдауға және қоғамдағы ұстаз мәртебесін арттыруға бағытталды. Білім додасына Алматы қаласындағы 75-тен астам мектептен 115 жас мұғалім қатысып, олардың 45-і жүлделі орындарға ие болды.

Гран-при — екі Changan автокөлігі

Байқаудың ең басты ерекшелігі — екі Гран-при иегерінің әрқайсысына Changan автокөлігі табысталды. Көліктерді Beta High School жекеменшік мектебі сыйға тартты. Математика пәнінен ең жоғары нәтиже көрсеткен №208 мектеп-гимназияның мұғалімі Еркегүл Шынарбек 38 ұпай жинап, қарсыластарынан айқын басым түсті.

Олимпиадаға жеңіс үшін емес, өзімізді тұрақты түрде дамыту үшін қатысамыз. Осы жолғы жеңіс күтпеген тосын сый болды. Нәтижені көрген кезде өте қатты толқыдым. Бұл олимпиада — керемет бастама және мұғалімдердің мәртебесін көтеруге, өзара тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Педагог мамандығы тұрақты түрде дамуды талап етеді, біз үнемі ізденіс үстіндеміз. Сондықтан бұл нәтижеге тұрақты ізденістің арқасында жетіп отырмыз. Қуаныштымын! Еркегүл Шынарбек, №208 мектеп-гимназияның математика мұғалімі

Ал физика пәнінен №126 мамандандырылған лицейдің мұғалімі Айсана Советхан 16,5 ұпаймен үздік атанды. Осылайша, екі жас педагогтің кәсіби жетістігі жоғары бағаланып, көлікке ие болды. Сонымен қатар, олимпиада қорытындысы бойынша Гран-приден бөлек, бес мұғалім І орын, 12 педагог ІІ орын, 26 қатысушы ІІІ орын иеленді. Бұл нәтижелер қала мектептерінде жоғары кәсіби әлеуетке ие жас педагогтер буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетті.

Академик мерейтойы аясындағы дәстүр

Іс-шара академик Асқар Жұмаділдаевтың 70 жылдық мерейтойына орай өтті және бұл сабақтастықтың символдық мәні зор. Қазақ математика ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымның өмір жолы мен ғылыми ұстанымы — білімге адалдықтың, терең ойлаудың және үздіксіз ізденістің жарқын үлгісі.

Мұндай олимпиадалар — ғылымның мәртебесін көтеру үшін жасалып жатқан жұмыстар. Бір жағынан, үкімет те қолдау көрсетіп жатыр. Біз осы іске шынайы араласып, атсалысуымыз керек. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға көмектесіп жүрген азаматтардың көбі — менің шәкірттерім. Олар осындай байқау ұйымдастырып, мұғалімдерге білімін көрсетуге керемет мүмкіндік сыйлап отыр. Соған қуаныштымын. Асқар Жұмаділдаев, академик

Көрнекті математиктің шәкірттерінің бірі, Beta High School-дың негізін қалаушы Бақнұр Зиябеков осы олимпиаданың өтуіне демеушілік көрсетті. Іс-шара Алматы қаласының Білім басқармасы, қалалық Әдістемелік орталық және Қазақстан математика мұғалімдері қауымдастығының бірлескен ұйымдастыруымен өтті.

Біз Асқар ағайдың мерейтойына орай екінші рет олимпиада өткізіп, дәстүрге айналдырып отырмыз. Біз үшін ең бастысы — жас мұғалімдерді қолдау және білімді тәжірибеде қолдана білу дағдысын дамыту. Оқушылардың зияткерлік әлеуеті мен математикалық сауаттылығы ең алдымен білікті ұстазбен байланысты. Бақнұр Зиябеков, Beta High School негізін қалаушы

Байқау — академик мерейтойы аясында басталған дәстүрдің жалғасы. Бұған дейін биыл көктемде Beta High School жас математиктер арасында республикалық олимпиада өткізген болатын.

Бұл бастама жас педагогтердің кәсіби жетістіктерін бағалау мен ұстаз мәртебесін арттыруда мемлекеттік құрылымдар мен білім беру саласындағы серіктестердің өзара ықпалдастығының нәтижелі үлгісін көрсетті. Әсіресе, екі Гран-при иегеріне автокөліктердің табысталуы педагог еңбегін бағалауға тың серпін берген айрықша марапат болды.

Аталған олимпиада жас педагогтердің кәсіби әлеуетін анықтап қана қоймай, олардың тәжірибе алмасуына, пәндік құзыреттілігін жетілдіруіне және білім беру саласында жаңа кәсіби белестерге ұмтылуына мүмкіндік береді.

Beta High School — 8–11 сыныптарға арналған жекеменшік мектеп

250+ түлегіміз шетелдік университеттерге грантпен түсті. Кеңес алуға және сынақ күніне жазылыңыз.

Өтінім қалдыру

Видео

Марапаттау рәсімінен бейнесюжет

Заполните форму, и мы свяжемся с вами для консультации и записи на пробный день.
Оставьте заявку
ЗАЯВКА
© 2026 Beta High School. Все права защищены.
Beta High School — частная школа для 8–11 классов. 250+ выпускников поступили в зарубежные университеты.
КОНТАКТЫ
НАВИГАЦИЯ